(Уа, Мұхаммед! Мүміндер) сенен соғыстан түскен олжа жайлы сұрайды. Оларға: «Соғыстан түскен олжа Аллаға және Пайғамбарға тиесілі (оны бөліп-үлестіру Алла тағала мен елшісінің құзырында)», – деп айт. Сондықтан да, Алланың үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар және (араларыңа сызат түсірмеңдер, сызат түскен жағдайда) уақыт оздырмай ара-қатынастарыңды дұрыстаңдар. Егер шынымен мүмін болсаңдар, Аллаға және елшісіне бағыныңдар.
Сондай-ақ олар намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқиды және өздеріне ризық ретінде (дүние-мүлік, күш-қуат, ақыл-парасат, білім т.с.с. нығметтерден) не берген болсақ, соның бір парасын (міндет етпей) ізгілік жолында жұмсайды.
Міне, солар – нағыз мүміндер. Олар үшін Раббыларының жанында бірінен бірі асатын жоғары мәртебелер, (көптеген игіліктің басы болатын) кешірім әрі әсте түгесілмейтін қайырлы ризық (ретінде жаннат нығметтері) бар.
(Уа, Мұхаммед!) Кезінде Раббың сені хақ жолда (мүшріктермен) соғысу үшін үйіңнен (яғни, Мәдинадан) шығарған еді. Дегенмен сол кезде бір топ мүмін бұл істі жаратпаған болатын (өйткені олар мүшріктермен соғысуға құлықсыз еді).
Тіпті бұл іс ақиқатқа айналғаннан (яғни, соғыстың болатындығы белгілі болғаннан) кейін де біреу оларды көздерін бақырайтып қойып, өлімге әкетіп бара жатқандай соғыс мәселесінде сенімен сөз таластырған еді.
Алла тағала сендерге екі топтың бірін (яғни, мүшріктердің сауда керуенін немесе Меккеден шыққан мүшріктердің қолын) міндетті түрде тізе бүктіресіңдер деп уәде бергенде, сендер қауқарсыз топқа (яғни, керуенге) жолығуды қаладыңдар. Алайда Алла Өзінің үкімдерімен (сендерді мүшрік-тердің қолына қарсы қойып, сендерді жеңіске жеткізу арқылы) ақиқаттың мерейін үстем етуді һәм кәпірлерді (әсіресе көсемдерін және солармен бірге күпірлікті) түп тамырымен құртуды қалаған еді.
Иә, Ол (яғни Алла) өмір бойы күнәдан көз ашпаған азғындар қанша жерден жақтырмаса да, ақиқаттың ақ туын желбіретіп, жалған атаулыны (әсіресе күпірлік пен жалған сенімдерді) жоюды қалаған еді.
Сендер сол кезде Раббыларыңа жалбарынып, медет тілеумен болған едіңдер. Сонда Ол: «Мен сендерді бірінен кейін бірі келетін мың (жауынгер) періштемен қолдап жебеймін», – деп, дұғаларыңды қабыл етті.
Алла мұны алдағы жеңістің сүйіншісі болсын әрі бойларыңды билеген үрейден арылып, жүректерің орнықсын деп істеді. Әйтсе де, жәрдем бір Алладан ғана келеді (жәрдемге келген періште де, басқасы да тек себеп қана). Шүбәсіз, Алла – Азиз (бәрінен үстем, ұлы) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі).
Соғыстың қызған шағында Алла бойларыңды билеген үрейден арылтып, уайым-қайғыларыңды сейілту үшін сендерді аздап мүлгіткен еді. Сондай-ақ (дәрет әрі бойдәрет алуларыңа мүмкіндік жасап) сендерді тәндік һәм рухани тұрғыдан тазарту, шайтанның көкіректеріңе салған уәсуәсасы мен түрлі жаман ойлардан арылту, жүректеріңді орнықтырып Аллаға деген сенімдеріңді арттыру, сондай-ақ (құмды жерде) аяқтарыңды нық басуларың үшін көктен жаңбыр жаудырды.
Сол кезде Раббың періштелерге былай деп аян берген еді: «Шүбәсіз, Мен сендермен біргемін. Ендеше, сендер де өз кезектеріңде жүректеріне иман ұялаған мүміндердің жігерін жанып, қан майданда табандылық танытуына жәрдемдесіңдер. Мен күпірлік қылғандардың жүрегіне үрей саламын. Ал сендер болсаңдар, бірден бастарын шабыңдар һәм (қару ұстаған) саусақтарын түгелдей шабыңдар».
Кімде-кім сондай (жауапты) күнде басқа жаққа қарай ойысып, қайта шабуыл жасауды немесе өзге жасаққа қосылуды көздемей, оларға ту сыртын беріп тұра қашатын болса, шүбәсіз, Алланың қаһарына ұшырайды һәм ақыр соңында барар жері жаһаннам болады. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!
Анығында, сендер оларды (өз күштеріңмен) жер жастандырған жоқсыңдар, олардың жанын алған Алла. (Уа, Мұхаммед!) Айқастың алдында оларға топырақ шашқаныңда, анығында, оны сен шашпадың, алайда оны (әр кәпірдің көзіне түсіре) шашқан Алла еді. Осылайша Алла мүміндерді арты қайырлы болатын бір сынға салды. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (ауыздарыңнан шыққан сөздің бәрін естуші), Алим (не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін білетін шексіз ілім иесі).
Әй, кәпірлер! (Кімнің жолы хақ болса, соны жеңіске жеткізгейсің деп) Жаратқаннан жеңіс тілейтін едіңдер. Ендеше тілеген жеңістерің келді (яғни, хақ жолдағы мүміндер жеңіске жетті). Енді бұдан былай мүміндерге дұшпандық жасауды қойсаңдар, сол өздерің үшін жақсы болады. Ал егер соғысты қайта бастайтын болсаңдар, біз де қарап қалмаймыз, мүміндерге қайтадан қолдау көрсетеміз. Біліп қойыңдар, қараларың қанша жерден көп болса да, оның сендерге бәлендей пайдасы тимейді. Өйткені Алла шын мәнінде мүміндермен бірге.
Егер Алла олардың бойынан қандай да бір жақсылық нышанын көрсе, әлбетте, оларға лайықты түрде естіртетін еді. Алайда (бұл жағдайда) оларға қанша жерден естіртсе де, (иман келтіретін ниеті болмағандықтан, естісе де естімегендей болып) сырт айналып кететіні хақ.
Уа, иман келтіргендер! Алла елшісі сендерді өздеріңе мәңгілік өмір сыйлайтын иманға шақырғанда, Алланың және елшісінің шақыруын қабыл алыңдар. Алланың пендесі мен оның жүрегінің арасына перде тұтатынын (яғни, пендесінің жүрегіне әмірі толық жүретінін) және ақыр соңында (дүниеде істеген істеріңе жауап беру үшін) Оның алдына жиналатындарыңды біліп қойыңдар!
Сондай-ақ араларыңдағы өз-өзіне қиянат жасаған азғындардың ғана басына келмейтін (кесірі бүкіл елге тиетін) алапат лаңнан сақтаныңдар. Алланың жазасының тым ауыр екенін де біліп қойыңдар.
(Уа, Исрайыл ұрпақтары!) Бір кездері өздеріңнің тым аз әрі жер бетінде қауқарсыз, бейшара қауым болғандарыңды естеріңе алыңдар. Өзге қауымдардың өздеріңді талан-таражға салып, көрінгеннің қолында кетуден қорқатын едіңдер. Осындай күйде болғандарыңда, Алла сендерге (бұйрықтарын бұлжытпай орындап) шүкіршілік етерсіңдер деп паналайтын мекен нәсіп етті, қол ұшын беріп, барынша қолдады, әрі таза һәм пайдалы деген нығметтерден ризық берді.
Уа, иман келтіргендер! Аллаға және пайғамбарға опасыздық жасамаңдар. Егер олай істесеңдер, араларыңдағы аманаттарыңа да біліп тұрып қиянат жасайтын боласыңдар.
Сондай-ақ дүние-мүліктерің мен бала-шағаларыңның тек (бұл өмірдегі) сынақ екенін біліп қойыңдар. Һәм ең үлкен сый-сияпат пен зор сауаптың Алланың дәргейінде екенін де білгейсіңдер!
Уа, иман келтіргендер! Егер Аллаға тиісінше тағзым етсеңдер һәм Оған қарсы келіп асы болудан барынша сақтансаңдар, Алла сендерге ақиқат пен жалғанды, ақ пен қараны ажырататын ерекше қабілет береді әрі кінәраттарыңды жасырып, күнәларыңды кешіреді. Алла – шексіз шарапат иесі, асқан жомарт.
(Уа, Мұхаммед!) Кезінде күпірлікте қасарысқандар сені зынданға тастап, қамап қоюды не болмаса өлтіруді, яки жер аударып жіберуді ойластырып бірқатар айла-амал ойластырып, тұзақ құрумен болған еді. Олар тұзақтарын құра берсін, бәрібір Алла Өз дегенін болдырып, біреуге құрған тұзақтарына олардың өздерін түсіреді. Алла тұзақтың қайырлы болғанын құрушы (һәм үнемі жақсылықты мұрат етіп, Өз дегенін болдырушы).
Оларға аяттарымыз оқылғанда: «Біз мұны талай естідік, қаласақ, мұндай сөздерді өзіміз де айта аламыз. Бұл – бар болғаны, бұрынғылардың ойдан шығарған аңыз-әпсаналары», – дейді.
Бір кездері олар: «Уа, Раббымыз! Егер мына Құран шынымен де Өзіңнен келген хақ кітап болса, дәл қазір төбемізге аспаннан тас жаудыр немесе басқа да жан төзгісіз азапқа душар ет», – деген еді.
Алайда (уа, Мұхаммед!) Сен олардың арасында болғанда, Алла оларды (бұрынғы қауымдарды азаптағанындай) азаптамайды. Сондай-ақ (сен араларында болмаған күннің өзінде де істеген күнәларына өкініш білдіріп) кешірім тілейтін болса, Алла оларды азаптамайды.
Олар қасиетті мешітті басқарып, сол жерде қызмет етуге лайық болмағанымен қоймай, мүміндерге Харам мешітін зиярат етуге мүмкіндік бермей жатқанда, Алла оларды қалай азаптамасын?! Асылында, Харам мешітін басқаруға, ол жерге тәу етіп келген ел-жұртқа қызмет көрсетуге Раббыларына қарсы келуден барынша сақтанатын, Оған тиісінше тағзым етіп, үкімдерін мүлтіксіз орындайтын тақуа жандар (яғни, мүміндер) ғана лайық. Алайда имансыздардың көбі (ілімнен мақұрым болғандықтан) мұны білмейді.
Ал олардың Қағбаның айналасындағы құлшы-лықтары құр ысқырық пен қол соғудан басқа түк те емес. Ендеше (ей, имансыздар), күпірлікте қасарысқандарың үшін (шайқаста жеңілу немесе жер жастану арқылы) азап шегіп, сазайларыңды тартыңдар.
Шүбәсіз, күпірлік қылғандар мал-дүниесін ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлау үшін жұмсайды. Бұдан кейін де сол мақсатта жұмсауды жалғастыра береді. Алайда күндердің күнінде (еңбектері еш кетіп) жұмсағандары өздеріне мұң болып жабысады. Содан кейін сөзсіз жеңіліс табады. Күпірлік қылғандар соңында жаһаннамға айдалып, сонда жиналады.
Міне, Алла осылайша лас пен тазаны бір-бірінен айырады. Лас болғанды үсті-үстіне үйіп, барлығын бір араға жинайды да, артынша жаһаннамға тастайды. Оңбай зиян шегетіндер, міне, солар.
(Уа, Мұхаммед!) Күпірлік қылғандарға айт, егер райынан қайтып, хақ дінге кірсе, өткен-кеткен күнәлары түгелдей кешіріледі. Ал егер қасарысып, қайтадан бұрынғы әдетіне басса, өздеріндей қыңыр кәпір болған алғашқы қауымдардың ақыры оларға мәлім.
(Уа, мүміндер!): Күпірліктен туындайтын лаң, бүлік һәм зұлымдық атаулы толық жойылып, хақ дін өзінің лайықты орнын алғанша, дін (яғни, құлшылық пен мойынсұнушылық) толығымен бір Аллаға арналғанға дейін олармен соғысыңдар. Егер олар (лаң салып, бүлік шығарудан, дұшпандық жасаудан) тыйылса, шүбәсіз, Алла олардың не істеп, не қойып жүргенін толық көруде.
Біліп қойыңдар, соғыстан не нәрсе олжаласаңдар да, соның бестен бірі сөзсіз Аллаға тиесілі. Сондай-ақ Алла елшісіне, оның жақын туыстарына, жетімдерге, пақыр-міскіндерге және жолда қалған мүсәпір жолаушыларға тиесілі. Егер Аллаға және екі қол бетпе-бет келіп, ақиқат пен жалғанның ара-жігі ажыраған (Бәдір) күні құлымызға түсірген аяттарымызға (мұғжизаларымызға) шынымен иман келтірген болсаңдар, осы үкіммен келісесіңдер. Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.
(Уа, мүміндер!) Сендер сол күні Бәдір алқабының бергі шетінде (Мәдина жағында, яғни қолайсыз жерде) едіңдер, ал олар шалғай жатқан арғы шетінде (Мекке жағында) болатын. Ал керуен сендерден (сәл ғана) төмен жатқан теңіз жағасында еді. Егер олармен беттесу уақытын алдын-ала келісіп қойғандарыңда, бәрібір де дәл осы жерде һәм мұндай жағдайда кездесе алмас едіңдер. Алайда Алла пешенелеріңе жазған істі жүзеге асыру үшін, сендерді дәл осылай (ойламаған жерде) беттестірді. Һәм мұны болатын істің бәрі әділ һәм жария түрде болсын, көзі жойылған (теріс жолда болғаны үшін жойылғанын көрсететін) айқын дәлел негізінде жойылсын және тірі қалуға (яғни, мәңгі-бақи бақытты өмір сүруге) лайық болғанда, айқын дәлелге сүйеніп өмір сүрсін деп істеді. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (бәрін естуші) һәм Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі).
(Уа, Мұхаммед!) Сол кезде Алла түсіңде саған мүшріктердің қолын әлдеқайда аз етіп көрсеткен еді. Егер сендерге оларды (шын мәніндегідей) көп етіп көрсеткенде, шүбәсіз, жігерлерің құм болып, жасып қалар едіңдер һәм олармен соғысу мәселесінде араларыңда келіспеушілік туар еді. Алайда Алла (сендерді мұндай келеңсіз жағдайға қалудан) сақтады. Шүбәсіз, Ол – көкіректердегі бар сырды толық біледі.
Сендер мүшріктермен бетпе-бет келгенде, Алла пешенелеріңе жазған (болуға тиісті) істі жүзеге асыру үшін, көздеріңе оларды аз етіп, сендерді де олардың көзіне аз етіп көрсеткен еді. Соңында барлық істер Алланың алдына барады (сөйтіп, Ол қай іске қандай үкім айтса, сол болады).
Уа, иман келтіргендер! Жаудың қандай да бір жасағымен ұшырасып, бетпе-бет келгенде, табандылық, қайтпас қайсарлық танытыңдар және Алланы ауыздарыңнан тастамай, көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер.
Жорыққа аттанғанда, шаһардан (немесе ауылдан бір өзі бәрін қырып-жоятындай болып) маңғазданып, ел-жұртқа көз қылып шыққандар мен ел-жұртты Алланың жолынан қақпайлайтындар секілді болмаңдар. Алла олардың не істеп, не қойып жүргенін шексіз ілімімен толық қамтып білуші һәм шексіз құдіретімен толық қамтып бақылауында ұстаушы.
Сол кезде шайтан оларға өз істерін «безендіріп», өздеріне сондай жағымды, сондай керемет іс етіп көрсетіп: «Бүгін адамдар арасында сендерді жеңіп, тізе бүктіретін ешкім жоқ. Мен де қастарыңда боламын», – деп азғырды. Алайда екі қол бетпе-бет келгенде, райынан қайтып: «Сендерге еш қатысым жоқ, менен аулақ жүріңдер. Шүбәсіз, мен сендердің көре алмай тұрғандарыңды көрудемін. Мен Алладан қорқамын. Алланың жазасы тым қатты», – деп жалт беріп тұра қашты.
Екіжүзділер мен жүректерінде (руханияттан жұрдай ететін) дерті барлар мүміндер жайлы: «Мына әлін білмеген немелерді өздерінің діні алдап соқты! (Әйтпесе сан жағынан да, қару жағынан да өздерінен әлдеқайда басым Мекке әскерімен айқасуға бел байлап, мұндай көзсіз батырлыққа бармас еді)», – десті. Алайда ақиқатында, кімде-кім бір Аллаға тәуекел етсе, шүбәсіз, Алла – Азиз (бәрінен үстем, ұлы) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі).
Періштелер күпірлік қылғандарды бетінен де, жонынан да ұрып-соғып, жанын алып жатқанда, олардың түрін көрсең ғой! (міне «енді, жаһаннам азабының дәмін татыңдар!»)
Бұл тура Перғауын әулеті мен олардан бұрынғылардың жағдайындай: олар Алланың аяттарын жалғанға шығарып, күпірлік қылды. Алла болса, оларды істеген күнәлары үшін жазаға тартты. Шүбәсіз, Алла өте күшті, жазасы тым қатты.
Мұның себебі, қандай да бір қауым өз ішінде (рухани тұрғыдан жұтап, кері кетіп), өз-өзінен бүлініп өзгеріске ұшырамайынша, Алла оларға нәсіп еткен нығметін әсте өзгертпек емес. Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (ауыздарыңнан шыққан сөздің бәрін толық естуші) һәм Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі).
Бұл да Перғауын әулеті мен олардан бұрынғылардың жағдайындай: олар Раббыларының аяттарын жалғанға шығарды. Біз болсақ, күнәлары себепті олардың көзін жойып, Перғауын әулетін тұңғиық теңізге батырдық. Расында, олардың барлығы (өзгеге озбырлық көрсетіп, өз-өздеріне қиянат жасаған) залым еді.
(Уа, Мұхаммед!) Олармен (екіжүзді кәпірлермен) қай кезде болмасын келісімшартқа отырсаң, әр жолы Алладан қорықпастан һәм шімірікпестен келісімді бұзумен болады.
Егер өзіңмен келісім жасасқан қауымнан опасыздық нышанын байқасаң, (оларға қарсы қандай да бір шара қолданбай тұрып) жағдай екі жаққа бірдей белгілі болу үшін, оларға бұдан былай келісім күшінің жойылғандығын ашық мәлімде. Шүбәсіз, Алла опасыздарды мүлде ұнатпайды.
Күпірлік қылғандар «қанша күнәға батсақ та бүгінге дейін бәлендей жазаға тартылмадық, бұдан кейін де тартыла қоймаспыз» деп біржолата құтылдық, енді бізді ешкім ұстай да, жазалай да алмайды деп ойламасын. Олар Бізден ешқайда да қашып құтыла алмайды.
(Уа, мүміндер!): Дұшпанға қарсы қолдарыңнан келгенше күш-қуат сайлаңдар һәм соғыс үшін ат баптаңдар. Сол арқылы Алланың (яғни, хақ діннің) дұшпандарын, өздеріңнің дұшпандарыңды һәм өздерің білмейтін, қыр-сыры бір Аллаға ғана мәлім болған өзге де дұшпандарыңды қорқытыңдар, олар қаймығатындай күш болыңдар. Сондай-ақ Алла жолында дүние-мүліктеріңнен не жұмсасаңдар да, соның қарымын толық аласыңдар һәм әсте әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, ақыларыңды жемейміз, сауаптарыңды толық аласыңдар).
Алайда дұшпандарың бейбіт бітімге келуге ыңғай танытса, сен де пейіл білдір және бір Аллаға тәуекел ет! Шүбәсіз, Алла – Сәмиғ (айтқан сөздеріңнің бәрін естуші) һәм Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі).
Егер олар (бейбіт бітімге келеміз деп) сені алдап соққылары келсе де, еш қам жеме, шүбәсіз, саған (жебеуші ретінде) бір Алла жеткілікті. Саған бүгінге дейін медет беріп, мүміндер арқылы қолдау көрсеткен де бір Өзі.
Алла сол мүміндердің жүректерін жарастырды. Сен жер бетіндегі байлықтың бәрін осы жолда жұмсасаң да, олардың жүректерін дәл бұлай жарастыра алмас едің. Алайда Алла оларды жарас-тырды. Шүбәсіз, Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлық) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі).
Уа, ардақты Пайғамбар! Мүміндерді (Алла жолында, хақ мақсатта, елді Алланың хақ жолынан қақпайлайтын бүлікшіл, бұзақы кәпірлерге қарсы) соғысуға құлшындыр. Егер араларыңда табанды да жігерлі жиырма кісі болса, (тең ұрыста) екі жүз адамды жеңіп кетеді. Ал егер дәл сондай жүз кісі болса, күпірлікте қасарысқан мың адамды еңсереді. Өйткені ол кәпірлер – еш нәрсенің мәнісіне бойлай алмайтын ойдан да, сезімнен де жұрдай қараңғы тобыр.
Алайда дәл қазір (соғысқа деген дайындықтарың шамалы болғандықтан) Алла сендерге жеңілдік берді. Өйткені Ол (бақайшығына дейін қаруланған адуынды жаумен салыстырғанда) дәл қазір күштеріңнің әлдеқайда кем екенін біледі. Ендеше, араларыңда табанды да жігерлі жүз кісі болса, (тең ұрыста) екі жүз адамды жеңіп кетеді. Ал егер дәл сондай мың кісі болса, Алланың қалауымен екі мың адамды еңсереді. Алла сабырлы да ерік-жігері күшті жандармен бірге.
Қандай да бір пайғамбардың (пайғамбарлық міндетін атқарып жүрген) жерде елді түгелдей өзіне қаратып, дінді үстем етпейінше, тұтқын ұстағаны лайықсыз. (Уа, мүміндер! Ұрыста жауды мүрдем қатырмай тұрып, олжа жинауға кірісіп һәм бодау алу үшін жауды тұтқынға алып) дүниенің болмашы пайдасын көздейсіңдер. Алла болса, сендер үшін ақиретті (сондағы мәңгілік бақытты) қалайды. Алла – Азиз (бәрінен үстем, ұлық) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі)!
Егер Алланың әу баста «Ләухул-махфузға» жазған (тұтқынды есесіне бодау алып босатуға болатындығы һәм олжаның адал екендігі жайлы) үкімі болмағанда, (жауды мүрдем кетірмей тұрып бодау алу үшін) жауды тұтқынға алғандарың һәм жинап алған олжаларың үшін өте ауыр азапқа душар болар едіңдер.
Ендеше, бұдан былай соғыстан түскен олжаны да, тұтқындардан алған бодауды да (өздерің үшін) адал һәм таза күйінде тұтынып, пайдаларыңа жаратыңдар һәм Аллаға қарсы келіп асы болудан барынша сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алла – Ғафур (құлдары қанша жерден ауыр күнәға батса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (әсіресе мүмін құлдарына ерекше мейірімді).
Уа, ардақты Пайғамбар! Қолдарыңдағы тұтқын-дарға: «Егер Алла жүректеріңде жақсылықтың (яғни, игі ниет, иман және шынайылықтың) бар екенін көрсе, өздеріңнен алынған бодаудан әлдеқайда қайырлысын нәсіп етеді һәм (бүгінге дейін істеген барлық) күнәларыңды кешіреді. Алла – Ғафур (өте кешірімді), Рахим (тәубе етіп, иман келтіріп Өзіне біржолата бет бұрған құлдарына ерекше мейірімді)», – деп айт.
(Уа, Мұхаммед!) Егер олар саған опасыздық жасағысы келсе, біліп қойсын, олар бұдан бұрын да Аллаға опасыздық жасаған еді. Сол үшін Алла саған күш-қуат пен мүмкіндік беріп, оларды қолыңа түсірді. Алла – Алим (бәрін білетін шексіз ілім иесі), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде талай хикмет болған асқан даналық иесі).
Шүбәсіз, иман келтіріп, Алла үшін қоныс аударған һәм мал-дүниелерін де, жандарын да аямай Алла жолында күрескен (мұһажирлер) мен оларға пана болып, қолдарынан келген жәрдемдерін аямаған (ансарлар) бар ғой, міне, солар – біріне-бірі қамқоршы дос, жанашыр өкіл һәм мұрагер. Ал иман келтіріп, қоныс аудармағандарға келсек, олар ұлы көшке қосылып, Алла жолында қоныс аудармайынша, оларға дәл осындай қамқорлық көрсетуге міндетті емессіңдер һәм араларыңда мұрагерлік болмайды. Алайда дін мәселесінде жәрдем сұраса, араларыңда келісім болған елге зиян келтірмеу шартымен жәрдем берулерің керек. Алла не істеп, не қойып жүргендеріңнің бәрін толық көруде.
Сондай-ақ күпірлік қылғандар да (әсіресе, сендерге дұшпандық жасауға келгенде) біріне-бірі қамқоршы дос, жәрдемші. Егер сендер де дәл солай біріңе-бірің болысып, қолдау көрсетпесеңдер, жер бетінде ақыры немен тынатыны белгісіз бүлік шығып, адам айтқысыз бұзғыншылық жасалып, (адамзаттың басына) аласапыран күн туады.
Иман келтіріп, Алла үшін қоныс аударған һәм дүние-мүліктерін де, жандарын да аямай Алла жолында (елдің тыныштығы үшін бүлікшіл бұзақыларға қарсы) соғысқандар (яғни, мұһажирлер) мен оларға пана болып, қолынан келген жәрдемін аямағандар (яғни ансарлар), міне, солар – нағыз мүміндер. Олар үшін (көптеген жақсылықтың басы болатын) кешірім мен әсте түгесілмейтін қайырлы ризық бар.
Һижреттен (яғни, Алла жолындағы ұлы көштен) кейін де иман келтіріп, (керек кезде) Алла үшін қоныс аударып, өздеріңмен бірге Алла жолында (бүлікшіл, бұзақы кәпірлермен) соғысқандарға келсек, оларды да өздеріңнен деп біліңдер. Ал ет жақын туыстарға келсек, Алланың кітабы (үкімі) бойынша олар бір-біріне мұрагер болуға әбден лайық. Шүбәсіз, Алла – барлық нәрсені білетін шексіз ілім иесі.
Quran.kz қосымшасы
Құран, кітаптар, аудиокітаптар және хатым телефоныңызда.