(Уа, ардақты елшім), былай де: «Маған келген уахи бойынша, бір топ жын (мен оқыған Құранды) тыңдап, кейін (тайпаларына барып): «(Уа, жарандар), расында, біз таңғажайып Құран тыңдадық».
«Сөйтсек, базбір адамдар базбір жындарды пана тұтып, жындардың менмендігі мен астамшылдығын күшейткен екен. Ал жындар болса, (өздерін пір тұтып, қатынасқа түскен) адамдарды одан сайын күнәға батырып, азғындығын онан әрмен арттырған екен».
«Бұрын біз аспанның кей тұстарында тың тыңдап отыратын едік. Алайда қазір кімде-кім тың тыңдауға ұмсынса болды, өзінің жалын атқан оққа нысанаға шаншылғанын аңғарады».
«Тура жолға бастайтын (Құранды) естігенімізде, оған бірден иман келтірдік. Кімде-кім Раббысына лайықты түрде иман етсе, (иманы мен игі істерінің) қарымын толық ала алмай қаламын ба деп те, бар жақсылықтан мақұрым қалмас па екенмін деп те қорықпайтын болады».
«Шынын айтсақ, арамызда Аллаға мойынсұнған мұсылмандар да, хақ жолдан тайған азғындар да бар. Ал енді кімде-кім бір Аллаға мойынсұнса, міне, солар ақиқатты іздегендер һәм тапқандар».
Әсілі, Біз оларды өздеріне берген әр нығметпен сынаймыз. Кімде-кім Раббысының насихат пен иләһи нұсқауларға толы (Кітабынан) теріс айналса, Алла оны барған сайын күшейе беретін ауыр азапқа душар етеді.
Шүбәсіз, мешіттер (һәм онда өтелетін барлық құлшылықтар) бір Алла үшін (сондай-ақ адам баласының құлшылық барысында қимылдайтын барлық мүшелері де бір Аллаға тиесілі). Ендеше, Алладан басқа ешкімге әрі еш нәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар!
Алланың хас құлы түрегеп тұрып Раббысына құлшылық ете бастағанда, (кәпірлер ел-жұртқа оның оқыған Құранын естіртпеу үшін қаптап келіп, тіпті бір-бірінің үстіне шығып кетердей болып), маңайына үймелеп қалған еді.
«Менің бар міндетім, Аллаға қатысты ақиқаттар мен Оның қасиетті жолдауларын тиісінше насихаттап жеткізу ғана». Ендеше, кімде-кім Аллаға және елшісіне қарсылық танытса, шүбәсіз, ондай (күнәһар) үшін жаһаннам оты бар, Һәм ондай (күнәһарлар) онда мәңгі-бақи қалады.
(Оларды жайына қоя бер, сендерді аз әрі осал көріп, менсінбей жүре берсін). Өздеріне уәде етілген (жаһаннам азабын) өз көздерімен көргенде, кімнің қолдаушылары ең осал әрі тым аз екенін әлі-ақ білетін болады.
Тек Өзі разы болып, таңдаған елшісіне ғана ашады. Өйткені Алла (Өзінің шексіз ілімінен, ғайыптан келетін сырға титтей де жалған араласпау үшін) елшісінің алды-артына сақшы (періштелер) қояды.
Осылайша (Алла) елшілердің Раббыларының жолдауларын кем-кетіксіз һәм бұрмалаусыз лайықты түрде жеткізгенін білгісі (яғни, іс жүзінде көргісі) келеді. Алла елшілеріне не уахи еткенін һәм олардың барлық жай-күйін жақсы біледі, сондай-ақ Ол барлық нәрсені бүге-шігесіне дейін жіпке тізіп, сақтап қоюда.
Quran.kz қосымшасы
Құран, кітаптар, аудиокітаптар және хатым телефоныңызда.