Күллі аспан әлемі мен жердегі жаратылыс біткеннің бәрі Алланың мінсіз, пәк һәм кемшілік атаулыдан ада екендігін жар салып ұлықтайды! Бар билік бір Өзіне тән. Бар мақтау мен шексіз мадақ та бір Өзіне тән. Оның құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.
Ол күллі аспан әлемі мен жерді хақ мақсатта, орын орнымен және ақиқатқа сүйенген мінсіз жүйеге негіздеп жаратты. Сендерге кескін-келбет берді, ол қандай көркем кескін-келбет! Түбінде (бәрің де) Оған қайтасыңдар.
Ол күллі аспан әлемі мен жердегінің бәрін біледі, сондай-ақ нені жасырып, нені жария етіп жүргендерің де Оған аян. Тіпті Ол көкіректердегі (яғни жүрек түкпіріндегі) бар сырды біледі.
Сендерге бұдан бұрын Алланы мойындамай күпірлік қылған қауымдар жайлы хабар жетпеді ме? Олар істеген күнәларының сазайын осы дүниеде тартты, ал ақиретте оларға жан төзгісіз азап бар.
Өйткені пайғамбарлары оларға анық дәлелдермен (мұғжизалармен) келген еді. Ал олар болса: «Сонда бізге өзіміз сияқты (ет пен сүйектен жаралған) бір пенде жол көрсетпек пе?» – деп көкіді. Сөйтіп, олар (пайғамбарларды да, көрсеткен мұғжизаларын да мойындамай) күпірлік қылды және (ақиқаттан) теріс айналып, кері кетті. Алла да (олардың өздеріне де, иманы мен құлшылықтарына да) мұқтаж емес екенін көрсетті. Алла – Ғани (ешкімге һәм еш нәрсеге мұқтаж болмаған, түгесілмейтін байлық егесі), Хамид (бар мақтау мен шексіз шүкіршілікке әбден лайық).
Күпірлік қылғандар өлгеннен кейін қайта тірілмейтіндіктерін айтуда. Ендеше, оларға былай де: «Жо-жоқ, Раббыма серт, өлгеннен кейін міндетті түрде қайта тірілтілесіңдер, һәм содан кейін дүниеде істеген істеріңнен хабардар етіліп (жауапқа тартыласыңдар). Бұл – Алла үшін оп-оңай».
(Уа, адамдар,) ендеше, Аллаға, расулына және (оған) түсірген нұрымызға (Құранға) қалтқысыз иман келтіріңдер. Алла сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңнен толық хабардар.
Алла ұлы жиын күні бәріңді бір жерге (ғарасат майданына) жинайды. Ол – (біреулер үшін ұтатын, енді біреулер үшін) ұтылатын күн. Кімде-кім бір Аллаға иман келтіріп, игілікті істер істесе, Алла оның күнә-қателіктерін өшіреді және оны мәңгілікке (жайқалған жасыл бауларының арасы мен зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жаннат бақшаларына кіргізеді. Ең үлкен жетістік, зор табыс деген, міне, осы!
Алланы мойындамай күпірлік қылған және аяттарымызға сенбегендерге келсек, олар – тозақтықтар, олар сонда мәңгі бақи қалады. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!
Басқа келген әр жамандық Алланың рұқсатымен ғана болады. Кімде-кім Аллаға шын көңілден иман етсе, Алла оның жүрегін ақиқатқа және дұрыс бағытқа бұрады. Алла барлық нәрсені біледі.
Аллаға қалтқысыз бағыныңдар, пайғамбарға да қалтқысыз бағыныңдар. Егер бағынудан бас тартатын болсаңдар, біліп қойыңдар, елшіміздің міндеті дінді ашық насихаттап жеткізу ғана.
Уа, иман келтіргендер! Жұбайларың мен балаларыңның арасынан өздеріңе дұшпан болатындар да шығуы мүмкін. Ондайлардан сақ болыңдар! Әйтсе де, соған қарамастан оларға кеңшілік жасасаңдар, кемшіліктері мен (дүниелік мәселелерге қатысты жіберген) қателіктеріне көз жұмып, оларды кешіре білсеңдер, онда біліп қойыңдар, Алла – Ғафур (құлдарының күнәлары қанша жерден ауыр болса да, тәубелеріне келген жағдайда өте кешірімді), Рахим (тәубе етіп, Өзіне бет бұрған мүмін құлдарына ерекше мейірімді)!
Дүние-мүліктерің де, бала-шағаларың да сендер үшін бірер сынақ (яғни сендерді хақ жолдан тайдыратын немесе адамдықтың кемеліне жеткізетін нәрселер), одан басқа түк те емес. Ал ең үлкен сый-сияпат, ең зор сауап Алланың құзырында.
Сондықтан Аллаға тиісінше тағзым етіңдер және Оған қарсы келіп асы болудан шамаларың жеткенше сақтаныңдар. Ақиқатқа (Аллаға және пайғамбарларына) құлақ асыңдар, бағыныңдар, әрі өз игіліктерің үшін дүние-мүліктеріңнің бір бөлігін (Алла жолында және мұқтаждарға) жұмсаңдар. Кімде-кім нәпсісінің сараңдығы мен ашкөздігінен сақтана алса, мәңгілік азаптан құтылып, мақсат-мұраттарына жеткен бақытты жандар, міне, солар.
Егер Аллаға жақсы қарыз берсеңдер (яғни мал-дүниелеріңнің бір бөлігін Алла разылығы үшін дін жолында және қайырымдылық мақсатта жұмсасаңдар), Алла берген қарыздарыңды еселеген үстіне еселеп қайтарады Һәм күнәларыңды кешіреді. Өйткені Алла – Шәкур (игіліктің қарымын еселеп қайтарушы), Халим (құлдары қанша жерден күнәға батып, қателікке ұрынып жатса да кеңшілік жасаушы әрі өте сабырлы).
Ол ғайыпты да, жарияны да (яғни сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді де, сезім мүшелерімен сезіліп-білінетін жария әлемді де) толық білетін Азиз (шексіз үстемдік пен ұлылық иесі), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі көптеген хикметтерге негізделген асқан даналық иесі).
Quran.kz қосымшасы
Құран, кітаптар, аудиокітаптар және хатым телефоныңызда.