Аспан әлемі мен жердегі жаратылыс біткеннің бәрі Алланың мінсіз, пәк һәм кемшілік атаулыдан ада екендігін жар салып ұлықтайды! Ол – Мәлик (шексіз билік иесі), Қуддус (Өзі қандай мінсіз әрі пәк болса, күллі ғаламды да әрдайым таза ұстаушы), Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде көптеген хикметтер болған теңдессіз даналық иесі).
Ол (кітап иелеріне жатпайтын, хат танымайтын) үмми қауымға өз ішінен бір елші жіберді. Ол елші оларға (Алланың өзіне уахи еткен) аяттарын оқиды, оларды (яғни ой-саналарын теріс түсініктерден, жүректерін жалған сенімдер мен күнә атаулыдан) арылтады, сондай-ақ оларға (Алла түсірген) кітап пен хикметті (яғни өзінің сүннеті арқылы Құранның мән-мағынасын) үйретеді. Әйтпесе, олар бұған дейін анық адасуда еді.
Сондай-ақ (Алла оны әлгі хат танымайтын үмми арабтарға) әлі қосыла қоймаған басқа қауымдарға да (пайғамбар етіп) жіберген. Ол – Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы), Хаким (әр ісі мен әрбір үкімінде көптеген хикметтер болған теңдессіз даналық иесі).
Тәуратты (үйреніп, оны өзгелерге де үйрету және оның үкімдерін басшылыққа алып өмір сүру міндетін) арқалағаннан кейін оны тиісінше алып жүре алмағандардың мысалы бейне бір том-том кітап арқалаған есекке ұқсайды. Алланың аяттарына сенбеген қауымның мысалы қандай жаман еді! Алла ондай залым қауымды әсте тура жолға салмайды.
(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Әй, жебірей дінін ұстанғандар! Егер бүкіл адамзат ішінде өздеріңді ғана Алланың жақын досымыз деп ойлайтын болсаңдар (бұл жалған дүниеде не істеп жүрсіңдер?!), егер осы сөздерің рас болса, онда тап қазір өздеріңе өлім тілеңдер (де, Алламен қауышыңдар)», – деп айт.
Алайда олар өз қолдарымен істеп (ақиретке жолдаған) күнәлары себепті, (Алламен қауышуды қаламайды, сондықтан) әсте өлім тілемейді. Алла күнәға белшесінен батқан ол залымдарды өте жақсы біледі.
Ендеше, оларға: «Сендер қашып жүрген өлім түптің түбінде алдарыңнан шығады (да, құтқармайтын құрығын салады). Содан кейін ғайыпты да, жарияны да (яғни сезім мүшелерімен сезіп-білу мүмкін болмаған тылсым әлемді де, сезілетін жария әлемді де) толық білетін Алланың құзырына қайтарыласыңдар. Сонда Ол сендерді (дүниеде) не істеп, не қойғандарыңнан толық хабардар етеді (һәм жауапқа тартады)», – деп айт.
Уа, иман келтіргендер! Жұма күні азан айтылып намазға шақырылғанда, дереу (құтба тыңдап, намаз оқу арқылы) Алланы зікір етуге асығыңдар, шаруаларың мен сауда-саттықты доғара тұрыңдар. Біле білсеңдер, бұл өздерің үшін әлдеқайда қайырлы болмақ.
Намаз өтелген соң, жер бетіне тараңдар және (адал кәсіп қылып) Алланың шексіз шарапатынан ризық-несібелеріңді іздеңдер. Бұған қоса, (күнделікті бес уақыт намаз һәм басқа да құлшылықтар арқылы) Алланы көп еске алыңдар, сонда (екі дүниеде де азаптан әрі қор болудан) құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетерсіңдер.
Олар сауданы немесе ойын-сауықты көргенде, соған еліріп, сені құтба оқып тұрған күйіңде тастап кете барды. Оларға: «Алланың құзырындағы (яғни ақиреттегі несібелерің дүниедегі) ойын-сауықтан және сауда-саттықтан әлдеқайда қайырлы. Алла – қайырлы ризық беруші, (құлдарына) ризық-несібе беруде теңдесі жоқ игілік иесі», – деп айт.
Quran.kz қосымшасы
Құран, кітаптар, аудиокітаптар және хатым телефоныңызда.