Уа, ардақты Пайғамбар! Алладан лайықты түрде қорық әрі кәпірлер мен мүнафықтардың тілін алма! Шүбәсіз, Алла – Алим (бәрін білуші), Хаким (әр үкімі мен ісінде көптеген хикметтер болатын асқан даналық иесі).
Алла бірде-бір адамның көкірек қуысында (біреуімен Аллаға, екіншісімен өзгелерге иман келтіріп, құлдық ұрсын деп) екі бірдей жүрек жаратпаған. (Надандық дәуіріндегі әдеттеріңе басып): «Сенің арқаң бұдан былай мен үшін анамның арқасындай!» – деу арқылы өздеріңе харам қылған әйелдеріңді де сендердің аналарың қылмады. Сондай-ақ (аттарыңа жазғызып алған) асыранды балаларыңды да өз балаларың қылмады. Міне, мұның бәрі құр ауызбен айтқан негізсіз сөздерің ғана. Алла болса, тек ақиқатты ғана айтады һәм әрдайым тура жолға бағыттайды.
Асыранды балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Алланың құзырында ең дұрысы сол. Егер олардың әкелерін білмесеңдер, онда олар діндес бауырларың әрі достарың болады. Олардың атын атағандарыңда (өгей әкелеріне телу арқылы) байқамай қателессеңдер, күнәға қалмайсыңдар, сендер тек жүректеріңдегі ниет-пиғылдарың мен қасақана істерің үшін ғана күнәға батасыңдар. Алла құлдарына өте кешірімді, ерекше мейірімді.
Пайғамбардың мүміндердегі ақысы һәм оларға деген жанашырлығы, олардың өз ақыларынан әрі жанашырлығынан әлдеқайда артық, сондай-ақ (пайғамбар мүміндерге өз әкелеріндей, тіпті, одан да артық болғандықтан) оның жұбайлары да мүміндердің аналары болып табылады. Алланың Кітабы бойынша ет жақын туыстар бір-біріне (мирасқорлық һәм өзара жәрдемдесу мәселесінде) өзге мүміндер мен мұһажирлерден де жақын тұрады. Сонымен қатар, жақын достарыңа әркез жақсылық жасап, оларға да мал-мүліктеріңнің бір парасын өсиет етіп қалдыра аласыңдар. Алланың кітабында жазылған үкім, міне, осы.
(Уа, Мұхаммед, есіңде болса,) Біз кезінде пайғамбарлардан (атқаратын міндеттеріне қатысты) берік уағда алған едік. Әсіресе, сенен, Нұхтан, Ибраһимнен, Мұсадан және Мәриямұлы Исадан. Иә, олардан өте ауыр серт алған едік.
Уа, иман келтіргендер! Алланың өздеріңе нәсіп еткен нығметін естеріңе алыңдар. Естеріңде болса, мүшріктердің біріккен қалың қолы (көздеріңді біржолата жою үшін) өздеріңе төніп келгенде, Біз оларға қарсы (қосындарын жермен-жексен еткен) дүлей дауыл мен көздеріңе көрінбейтін қалың әскер жібердік. Сол кезде Алла не істеп, не қойғандарыңның бәрін анық көрген еді.
Сонда біріккен жау қолы сендерге жоғарғы жақтан да, төменгі жақтан да төніп келіп, құрсап алған еді. Сол кезде көздер шарасынан шығып, жүректер ауызға тығылып, жан алқымға келген болатын. Сөйтіп, Алла жайлы сан түрлі жағымсыз ойларға қалған (берілген) едіңдер.
Міне сонда мүміндер өте ауыр сынаққа тап болды (да кімнің шынайы мүмін, кімнің екіжүзді мұнафық екені анықталды) және (бейне бір алапат зілзалаға тап болғандай) жан дүниелері қатты шайқалып, қатты толқулы болды.
Сол бір қиын шақта екіжүзді мұнафықтар мен жүректерінде кеселі барлар (яғни, иманы әлсіздер): «Демек, Алла және Оның елшісі («келешекте бәрінен үстем боласыңдар» деп) бізді құрғақ уәдемен алдарқатқан екен ғой!» – деп, айтқан еді.
Сондай-ақ олардың арасындағы (соғыстан зәре-құты қашқан) бір топ: «Уа, Ясриб халқы! Енді сендер үшін бұл жерде дұшпанға қарсы шеп құрудың ешқандай мағынасы жоқ. (Мынадай жойқын күшке төтеп бере алмайтындықтарың айтпаса да түсінікті), одан да (аман тұрғандарыңда) үйлеріңе қайтыңдар!» – десе, енді бір топ: «Үй-жайларымыз қорғансыз қалды», – деп сылтауратып, пайғамбардан жамырап рұқсат сұрап жатты. Әйтсе де олардың үй-жайлары қорғансыз емес еді. Анығында, олардың бар көксегені жауға ту сыртын беріп, соғыс майданынан қашу болатын.
Демек, оларға шаһардың тұс-тұсынан, шынымен, толассыз шабуыл жасалса әрі олардан Ислам дінінен безіп, мұсылмандар арасына лаң салу талап етілсе, көп ойланып жатпастан ондай сұмдық іске де барар еді.
Анығында, олар бұдан бұрын (пайғамбарға қол беріп) дұшпанмен бетпе-бет келгендерінде, әсте ту сыртын беріп, қашпайтындықтарын айтып, Аллаға серт берген-ді. Аллаға берілген серт үлкен жауапкершілікті талап етеді, ендеше, олар серттерін бұзғаны үшін жауапқа тартылады.
Сондай-ақ оларға: «Егер Алла бастарыңды бәлеге қалдыруды қаласа немесе сендерді рақымына бөлегісі келсе, Одан сендерді кім қорғап қала алады, яки Оған кім бөгет бола алады?!» – де. Егер Алла оларды (пенделерін) назарынан мүлдем тыс қалдыратын болса, онда олар өздеріне Алладан басқа қамқор ие де, жәрдемші де таба алмайды.
Алла араларыңдағы өздерімен қоймай өзгелерді де соғыстан айнытуға тырысатындарды және бауырларына: «Бастарыңды құр босқа қатерге тігіп қайтесіңдер, одан да келіңдер, бізге қосылыңдар!» – дейтіндерді, әлбетте, біледі. Олар онсыз да (елдің көзіне түсу әрі олжаға кенелу үшін) соғысқа тиіп-қашып қана қатысады (немесе олардың соғысқа қатысатындары некен-саяқ қана).
Олар сендерге (қолұшын беруге әрі Алла жолында бір нәрсе істеуге келгенде) өте сараң һәм құлықсыз болады. Ал соғыс әбден қызып, бойларын үрей билегенде, бейне бір жаны алқымына тіреліп, өлейін деп жатқан жандай көздері шарасынан шығып, өзіңе телміре қарағанын көресің. Ал соғыс бітіп, үрейден толық арылғанда, (бәрін өздері тындырғандай) сараңдықтары ұстап, түскен олжаны өздеріңнен өлгенше қызғанып, сендерді біздей өткір тілдерімен түйреп, жандарыңа бататын зәрлі сөздер айтады. Міне, солар, шынымен, иман етпегендер, сол үшін Алла олардың (дүниеге қызығып немесе ел-жұртқа көз қылып істеген) барлық істерін зая қылды. Бұл Алла үшін оп-оңай.
Біріккен жау қолынан мұнафықтардың қорқып қалғаны соншалық, оларды әлі кете қойған жоқ деп ойлайды. Егер мүшріктердің біріккен қолы қайта келіп, құрсау салар болса, онда олар (әншейінде бармайтын) шөл даладағы бәдәуилерді паналап, хабар-ошарларыңды алыстан сұрастырып біліп, жайбарақат отыра беруді көксер еді. Ал араларыңда болған күннің өзінде, (ел-жұртқа көз қылып) тиіп-қашып қана соғысар еді.
Шүбәсіз, Алла елшісінде сендер үшін әрі Аллаға және ақирет күніне бар үмітін артқан (Алланы және ақирет күнін жан-тәнімен қалайтын) һәм Алланы көп еске алып, Оған көп құлшылық ететіндер үшін қай жағынан алсақ та, теңдессіз үлгі-өнеге бар.
Ал мүміндер мүшріктердің жер қайысқан қолын көргенде: «Міне, бұл Алла мен елшісінің бізге уәде еткен нәрсесі. Алла да, Оның елшісі де әрдайым рас айтады», – деді. Бұл олардың иманы мен мұсылмандығын одан сайын күшейте түсті.
Мүміндердің арасында Аллаға берген сертінде тұрған нағыз ерлер бар. Олардың кейбірі уәдесінде тұрып, (Алла жолында) жанын пида қылды. Енді біреуі (өз кезегін) күтуде. Олар серттерінен әсте тайған да, әуелгі қалыптарынан еш айныған да емес.
Міне, осылайша Алла шыншылдарды шыншылдықтары үшін ерекше сый-сияпатқа бөлейді. Ал екіжүзді мұнафықтарды қаласа, азаптайды, не болмаса оларға тәубеге келуді нәсіп етіп, тәубелерін қабыл алады. Шүбәсіз, Алла – өте кешірімді (әсіресе, тәубеге келіп, Өзіне бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді.
Алла кәпірлердің одақтасқан қолын діттеген мақсаттарына жеткізбей, оларды ашу-ызаға булыққан күйлерінде құралақан қайтарды. (Осылайша Алла мүміндерді кескілескен шайқассыз-ақ жеңіске жеткізді) Сөйтіп Алланың жәрдемі мүміндерге жеткілікті болды. Алла – Қауи (тым күшті), Азиз (бәрінен үстем әрі ұлы).
Сондай-ақ кітап иелерінен мүшріктерге болысып, мұсылмандарға опасыздық жасағандарды (Бәну Құрайза тайпасын) қамалдарынан түсіріп, жүректеріне үрей салды. Сонда олардың бір парасын өлім жазасына бұйырып, енді бір тобын тұтқынға алған едіңдер.
Сөйтіп, (Алла) сендерді олардың жерлеріне, үй-жайларына, мал-мүліктеріне, сондай-ақ бұрын-соңды аяқтарың баспаған (Хайбар) жеріне мұрагер қылды. Алланың құдіреті барлық нәрсеге толық жетеді.
Уа, ардақты Пайғамбар! Жұбайларыңа: «Егер қалағандарың дүниенің қу тіршілігі мен сән-салтанаты болса, келіңдер, тиісті дүниелеріңді (ақыларың мен сый-сияпаттарыңды) берейін де бәріңе талақ айтып, жақсылықпен (абыроймен) қоя берейін».
Ал егер Алланы, елшісін һәм мәңгілік ақирет мекенін қаласаңдар, онда біліп қойыңдар, Алла араларыңдағы (Раббысын көріп тұрғандай әр қадамын аңдап басатын) игілікке құштар ізгі жандарға зор сауап, үлкен сый-сияпат дайындап қойды.
Уа, Пайғамбар жұбайлары! Араларыңнан кімде-кім (пайғамбарды ренжіту, ғайбат, өсек айту және жала жабу сынды) ашық арсыздыққа барып, күнәға батса, оның азабы екі еселенеді. Бұл Алла үшін оп-оңай.
Ал араларыңнан кімде-кім Аллаға және елшісіне шын жүректен мойынсұнса, әрі (өзінің һәм өзгелердің жақсылығы үшін) игілікті істер істесе, оның сауабын екі есеге арттырамыз және ол үшін (жаннатта) сондай керім (мол, берекелі, зиянсыз әрі қайырлы) ризық-несібе дайындап қоямыз.
Уа, Пайғамбардың жұбайлары! Сендер өзге әйелдер секілді емессіңдер, (сендердің орындарың басқа әйелдерден бөлек); сендер Алланы лайықты түрде ұлықтауға, Оған қарсы келуден барынша сақтануға һәм өздеріңе лайықсыз іс-әрекеттерден аулақ болуға тиіссіңдер. Міне, сондықтан да (бөтен ер адамдарға тіл қатқандарыңда) қылымсып, назданып сөйлемеңдер. Жүрегінде дерті бар (әйелқұмар) әлдекім (шайтанның уәсуәсіне еріп) өздеріңнен дәмеленіп жүрмесін. Сөйлеген сөздерің жақсы әрі салмақты болсын.
(Сыртта маңызды шаруаларың болмаса) байсалдылық сақтап, үйлеріңде отырыңдар, (ал сыртқа шығу қажет болған жағдайда) Исламнан бұрынғы надандық дәуіріндегідей сәнденіп, сымбат-көріктеріңді ел-жұртқа паш етіп шықпаңдар. Намазды кемеліне келтіріп, уақытылы әрі үзбей оқыңдар, зекеттеріңді толық беріңдер, қысқасы, Аллаға және елшісіне (не бұйырса да, не нәрседен тыйса да) қалтқысыз мойынсұныңдар! Уа, Пайғамбар отбасы! Алла сендерді настық атаулыдан толық арылтып, әбден тазартып, пәк етуді қалайды.
Үйлеріңде оқылып жатқан Алланың аяттарын және пайғамбар хикметін (сүннеттерін) жадыларыңа жақсылап түйіп алыңдар! Шүбәсіз, Алла – Латиф (шексіз ілімімен жүрек түкпірінде жатқан ең құпия сырлардың бәрін білуші), Хабир (бәрінен толық хабардар болушы).
Аллаға мойынсұнған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер; шын жүректен иман келтірген мүмін ерлер мен мүмін әйелдер; (Хақ діннің барлық үкімдеріне) қалтқысыз бағынған ерлер мен қалтқысыз бағынған әйелдер; (сөздері мен іс-әрекеттері) түзу әрі шынайы болған шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдер; сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер; (Алланың алдында) өте ізетті әрі кішіпейіл болған ерлер мен сондай инабатшыл әрі кішіпейіл болған әйелдер; (Алла жолында мұқтаждарға) зекет-садақа беретін ерлер мен зекет-садақа беретін әйелдер; ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер; арын сақтап, абиырларын күнәдан тыйған ерлер мен арын сақтап, абиырларын күнәдан тыйған әйелдер; сондай-ақ Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой?!) Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сияпат дайындап қойды.
Алла және елшісі қандай да бір мәселеге қатысты кесімді үкім айтқанда, бірде-бір мүмін ер адам мен мүмін әйелдің өздеріне тікелей қатысы болған сол мәселеде (Алла мен елшісінің үкімін былай қалдырып, басқа үкімді) таңдау құқығы жоқ. Кімде-кім Аллаға және елшісіне қарсы келіп, асылық қылса, онда ол анық адасушылыққа ұрынды деген сөз.
(Уа, Мұхаммед!) Алла нығметіне бөлеген, өзің де көп жақсылық жасаған адамың (әйелімен ажырасуды ұйғарып, алдыңнан өтейін деп келгенде) оған: «Әйеліңнен ажырама, Алладан қорық!»– деген едің. Сөйтіп, Алланың Өзі жарияға әйгілейін деп тұрған ақиқатты ішіңе бүгіп қалдың. Ел-жұрттан (бұл мәселені ә дегенде дұрыс түсінбей қала ма деп) имендің. Дегенмен, Алладан қорыққаның әлдеқайда абзал еді. Содан, Зәйд әйелімен біржола ажырасқан кезде оның талақ еткен әйелін (ғиддат мерзімі толған соң) саған қостық. Біз мұны мүміндердің асыранды балалары өз әйелдерімен біржола ажырасқан кезде, өгей балаларының талақ еткен әйелдерін алу мәселесінде (мұнымыз күнә немесе ұят болмас па екен деп) қиналмау үшін істедік. Алланың әмірі сөзсіз орындалуға тиіс.
Пайғамбарға Алланың өзіне бұйырған әрі адал еткен ісін орындауда ешқандай қиындық, тыйым немесе кедергі болмауы керек. Алланың бұдан бұрын өткен пайғамбарларға қатысты жазуы да, ісі де сондай болған. Алланың әмірі – әу бастан кесілген (міндетті түрде жүзеге асатын әрі әсте өзгермейтін) кесімді тағдыр.
Ол пайғамбарлар Алланың жолдауларын (әмір-пәрмендерін) айна-қатесіз жеткізеді һәм (міндеттерін атқару барысында) Одан ғана именеді. Олар Алладан басқа ешкімнен именбейді. Жауапқа тартушы (әрі құлдарының істерін бағалаушы) ретінде бір Алла жетеді.
Оны (мінсізсің, кемшілік атаулыдан, орынсыз іс істеп, лайықсыз үкім шығарудан, әрі Өзің жаратқан жаратылысқа ұқсаудан) пәксің деп, ертелі-кеш ұлықтаңдар!
Алла сендерді (ой-сананы, жүректі әрі жан дүниені шырмайтын) тас қараңғы түнектерден жарық нұрға шығару үшін сендерге шексіз рақымы мен нығметін төгеді. Періштелері де (сол мақсатта) сендер үшін дұға етіп, Алладан кешірім тілейді. Шүбәсіз, Алла мүмін құлдарына ерекше мейірімді!
Олар Алламен қауышатын күні «(қайғы-мұңнан, азаптан біржолата құтылып) мәңгілікте аман-есен болыңдар», деген ізгі тілекпен қарсы алынады. Алла олар үшін сондай керім (мол, берекелі, зиянсыз әрі қайырлы) сый-сияпат дайындап қойды.
Уа, Мұхаммед! Біз сені (ғибратты ғұмырыңмен ақиқатқа һәм қиямет күні үмбетіңе) куә болушы, (иман келтіріп, игілікті істер істеген ізгі жандарды) сүйіншілеуші әрі (кәпірлер мен тура жолдан адасқандарды) ескертуші етіп жібердік.
Кәпірлер мен мұнафықтарды тыңдама (олардың Исламға қайшы ұсыныстарына құлақ аспа). Сонымен қатар, олардың өзіңе көрсеткен зәбір-жапасын көңіліңе алма. Бір Аллаға тәуекел ет! Алла қамқор ие ретінде (саған) әбден жеткілікті.
Уа, иман келтіргендер! Мүмін (яғни, мұсылман, христиан немесе еврей) әйелдермен некелескеннен кейін олармен жақындаспай тұрып талақ айтсаңдар, онда олардан (басқа біреуге күйеуге шыға алуы үшін) ғиддат (яғни, үш етеккір) мерзімін күтуді талап етуге қақыларың жоқ. Оларға (егер мәһірі тағайындалған болса, оның жоқ дегенде тең жартысын, ал тағайындалмаса) сый-сияпаттарын беріп, жақсылықпен, абыроймен жөніне жіберіңдер.
Уа, ардақты Пайғамбар! Біз саған мәһірін берген әйелдеріңді, соғыстан түскен олжа ретінде Алланың өзіңе нәсіп еткен күңдеріңді, өзіңмен бірге Алла жолында (Мәдинаға) қоныс аударған әкеңнің бауырлары мен апа-қарындастарының қыздарын және анаңның бауырлары мен апа-сіңілілерінің қыздарын адал еттік, сондай-ақ мәһір сұрамай-ақ өзін пайғамбарға бағыштаған мүмін әйелді – әрине, егер пайғамбар онымен некелесуді қаласа – адал қылдық. Бұл соңғы үкім – өзге мүміндерді былай қойғанда, өзіңе ғана тән. Ал мүміндерге әйелдері мен қол астындағы күңдеріне қатысты не бұйырғанымызды бұдан бұрын білдірген едік. Ендеше, бұл үкім (яғни, мәһір атамай-ақ әйел алу, пайғамбарлық аса ауыр міндет болғандықтан) үйлену мәселесінде қиналып қалмауың үшін бір өзіңе ғана тән. Шүбәсіз, Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді.
(Уа, Мұхаммед!) Әйелдеріңе кезекпен бару мәселесіне келсек, қайсыбірінің кезегін кейінге шегеріп, (құжырасына) кейін барсаң да, қайсысын кезегінен бұрын жаныңа шақырып алсаң да өз еркің. Сондай-ақ кезегін кейінге шегерген әйелдеріңнің қайсыбіріне ертерек баруды қалап, кезегін қайтадан алға шығарсаң да күнәға қалмайсың. Бұл олардың қуанышқа бөленіп шаттануы, (кезектері кейінге шегерілгенде) мұңаймауы үшін, сондай-ақ бәріне бірдей жақсы қарайтындығыңның арқасында барлығының да көңілдері хош әрі өзіңнен риза болуы үшін ең лайықты үкім. Алла жүректеріңдегінің бәрін біледі. Алла – Алим (бәрін білуші), Халим (құлдары қанша жерден күнәға батса да өте сабырлы, сондай жұмсақ).
Бұдан былай саған басқа әйелдермен некелесу, яғни, бұған дейінгі адал жарларыңа талақ айтып, көркіне қанша жерден тәнті болсаң да басқа әйелмен көңіл қосуды харам еттік. Алайда қол астыңдағы күңдеріңнің жөні бөлек. Алла барлық нәрсені толық бақылап тұрушы.
Уа, иман келтіргендер! Пайғамбардың құжыра-ларына рұқсатсыз кірмеңдер және пайғамбар үйіне ауқаттануға шақырылғандарыңда уақытынан ерте барып алып, астың пісуін күтіп отырмаңдар. Дастарханға шақырылғандарыңда ғана кіріңдер және тамақтанып болған соң әңгіме-дүкен құрып отырып алмай бірден тарап кетіңдер. Өйткені бұл қылықтарың пайғамбарды қапаландыруда, алайда ол сендерден ұялғанынан үндемеуде. Ал Алла ақиқатты ашып айтудан тартынбайды. Сондай-ақ егер пайғамбардың жұбайларынан сұрайтын нәрселерің болса, перденің ар жағында тұрып сұраңдар. Міне сол өздеріңнің де, олардың да жүректеріңнің тазалығы үшін ең лайықтысы осы болмақ. Сендердің Алла елшісінің көңіліне қаяу түсіруге қақыларың жоқ, сондай-ақ одан кейін оның пәк жұбайларымен әсте некелесе алмайсыңдар. Бұлай істеу, Алланың құзырында өте үлкен күнә болмақ.
Егер пайғамбар жұбайлары әкелерімен (соның ішінде аталары әрі әкелері мен аналарының аға-інілерімен), өз ұлдарымен (һәм немерелерімен), аға-інілерімен, аға-інілерінің ұлдарымен, апа-сіңілілерінің ұлдарымен, өзге мұсылман әйелдер және кітап иелерінің ішіндегі өздерімен жақсы араласатын көркем мінезді әйелдермен, сондай-ақ қол астыларындағы күңдерімен пердесіз-ақ сөйлесетін болса, күнәға қалмайды. Сонымен қатар, (уа, Пайғамбардың пәк жұбайлары,) Алланы тиісінше тағзым етіңдер һәм Оған қарсы келіп, асылық қылудан барынша сақтанып тақуалық аясында өмір сүріңдер! Өйткені Алла барлық нәрсеге толық куә болушы.
Расында, Алла (ең сүйікті құлы, пайғамбарлардың ең ардақтысы Мұхаммед) пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, мүміндер! Ендеше, сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар (яғни, оны шын жүректен ардақтап, оған Алланың рақымы мен есендігін тілеп, бар ықыластарыңмен дұға етіңдер және оған қалтқысыз мойынсұнған күйде сәлем жолдаңдар)!»
(Аллаға, пайғамбарға және Ислам құндылық-тарына сөз әрі іс жүзінде қарсы келіп) Алланы және елшісін ренжіткендерді Алла бұл дүниеде де, ақиретте де рақымынан аластады һәм оларды қор қылатын азап дайындап қойды.
Сондай-ақ мүмін ерлерді және мүмін әйелдерді (орынсыз сөздер әрі іс-әрекеттермен) нақақтан-нақақ ренжіткендер қып-қызыл жала жапқан һәм анық күнә арқалаған болады.
Уа, ардақты Пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүміндердің жұбайлары мен қыздарына: «(Үйлерінен шыққанда және бөтен ер кісілердің алдында жеңіл киімдерінің сыртынан) ұзын әрі кең киім кисін», – деп, айт. Бұл (олардың иманды да, арлы әйел баласы ретінде) танылуы (білінуі) һәм нақақтан-нақақ ар-намыстары тапталып, қорлық көрмеуі үшін қолға алынатын ең лайықты іс. Алла (мүміндерге) өте кешірімді, ерекше мейірімді.
Егер мұнафықтар, жүректерінде (рухани) дерт болғандар және (Исламның орталығы) Мәдина шаһарында (лаң салып, елдің шырқын бұзу үшін) сөз тасып, өсек баққандар мұндай теріс қылықтарынан біржола тыйылмаса, саған олардың үстінен билік жүргізуге пәрмен береміз. Содан кейін олар жаныңда ұзақ уақыт бола алмайды (яғни, көп ұзамай-ақ ерсі қылықтары үшін қуғын-сүргінге ұшырайды).
Адамдар сенен қиямет-қайымның уақытын сұрайды. Оларға: «Ол жайлы нақты мәлімет Алланың құзырында», – деп, айт. Қайдан білесің, бәлкім, оның уақыты таяп та қалған шығар!
Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Анығында, біз (діннен безген) басшы-көсемдеріміз бен ұлықтарымызға бағындық, сөйтіп, олар бізді тура жолдан адастырып жіберді».
Уа, иман келтіргендер! (Алла елшісіне қарсы келу арқылы) Мұсаға орынсыз жала жауып, көңіліне қаяу түсірген бейбақтарға ұқсап жүрмеңдер. Біле білсеңдер, Алла қауымының ол жайлы айтқан қауесет сөздерінің қып-қызыл жала екенін айқындап, оны толық ақтады. Ол Алланың алдында өте абыройлы еді.
Сол арқылы Алла істеріңді түзу қылып, күнә-қателіктеріңді кешірсін. Кімде-кім Аллаға және елшісіне қалтқысыз бағынса, зор бақытқа, толайым табысқа жетері сөзсіз.
Расында, біз аманатты (яғни, өз еркімен Аллаға лайықты құл болу сынды үлкен жауапкершілікті) жеті қат көкке, жерге және тауларға (мойындарыңа алыңдар деп) ұсындық. Алайда олар оны мойындарына алудан қашты, оның ауыр жауапкершілігінен қорықты. Сөйтіп, оны адам баласы өз мойнына алды. Шүбәсіз, адам баласы тым залым (яғни, әділдікке қас, қателікке, күнәға жақын һәм жауапсыз келеді) әрі өте надан (ақиқаттан бейхабар, ғапыл, парықсыз һәм нәпсісіне ергіш) келеді.
Нәтижеде Алла мұнафық ерлер мен мұнафық әйелдерді және мүшрік ерлер мен мүшрік әйелдерді азаптайды. Сондай-ақ Алллаһ мүмін ерлер мен мүмін әйелдердің тәубелерін қабыл етіп, оларды ерекше рақымына бөлейді. Шүбәсіз, Алла өте кешірімді, (әсіресе, тәубеге келіп, Өзіне бет бұрған мүмін құлдарына) ерекше мейірімді.
Quran.kz қосымшасы
Құран, кітаптар, аудиокітаптар және хатым телефоныңызда.