Күллі саналы жаратылыстарға (адамдар мен жындарға) ескертуші болсын деп ең таңдаулы құлына ақиқат пен жалғанның ара-жігін ажырататын Фурқанды түсірген, шексіз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі Алла қандай ұлы!
Ол – көктер мен жердің иелігі, бар билігі бір Өзіне тән болған сондай ұлы Құдай. Ол ешкімді де Өзіне бала етіп алған емес, сондай-ақ шексіз билікте Оның ешқандай ортағы да, серігі де болған емес. Ол бәрін бір Өзі жаратып, әрбір жаратылысқа белгілі бір өлшем, жүйе мен тағдыр тағайындады.
Соған қарамастан базбіреулер Алладан өзге жалған құдайларды тәңір тұтты. Олар еш нәрсе жарата алмайды, керісінше, өздері жоқтан жаралуда әрі бастарына келетін қандай да зиянның бетін қайтаруға да, тіпті, өз-өздеріне қандай да бір пайда келтіруге де шамалары жетпейді. Сондай-ақ олардың бірде-бір тіршілік иесінің жанын алуға да, бірде-бір жаратылысқа өмір сыйлауға да, өлгеннен кейін қайта тірілтуге де құдіреті жетпейді.
Күпірліктің шырмауына әбден шырмалып қалғандар: «Бұл кітап оның өз ойынан шығарған өтірігі, басқа түк те емес. Оның үстіне, оған бұл мәселеде басқа бір қауым қолұшын беруде», – деп айтады. Осылайша, олар адам айтқысыз зұлымдық істеуде һәм өтірік айтып, жала жабуда.
Олар: «Оның айтқандары – біреулерге жаздырып алған бұрынғылардың аңыз-әпсаналары. Міне, сол аңыз-әпсаналар оған ертелі-кеш жасырын түрде оқылуда», – деп айтады.
(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Оны көктер мен жердегі бар сырды білетін Алла (сендерге жер мен көктің кейбір сырларын ашып беру үшін) түсірді. Өйткені Ол – шынымен, өте кешірімді, (құлдарына) ерекше мейірімді», – деп айт.
Сондай-ақ олар: «Бұл өзі (өзіміз сияқты) ішіп-жейтін һәм базар аралайтын қандай пайғамбар? Сондай да пайғамбар бола ма?! Ең болмаса, онымен бірге жүріп, ел-жұртты ескертетін һәм оның сөзін растап, өзін қорғайтын бір періште түсірілсе қайтер еді?!»
«Не болмаса, (күнкөріс қамы деп базар кезіп жүрмеуі үшін) оған көктен бір қазына түсірілсе немесе өзінің бау-бақшасы болып, соның жемісін жеп, күн көрсе болмас па еді?» – дейді. Сонымен қатар ол залымдар (мүміндерді де): «Сендер тек басы дуаланған адамға еріп жүрсіңдер, басқа түк те емес», – деп азғырды.
(Уа, Мұхаммед!) Олардың сені мұқату үшін өзің жайлы қандай адам айтқысыз һәм қисынсыз мысалдар (сөздер) айтқанын көрдің бе? Иә, олар сөйтіп жүріп әбден адасты. Енді олар тура жолды әсте таба алмайды.
Қисапсыз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі болған Алла қандай ұлы десеңші! Ол қаласа, саған олардың айтқанынан да қайырлысын, ішінде өзендер ағып жататын, көздің жауын алатын бау-бақшалар нәсіп етеді және өзіңе арнап зәулім сарайлар тұрғызады.
Алайда (ол кәпірлердің ақиқатқа бас ұрып, иманға келейік деген ниеттері жоқ), өйткені олар қиямет-қайымды мүлдем мойындамайды, (міне, сондықтан да күпірлікте қасарысуда әрі ақылға қонбайтын қисынсыз әрекеттерге баруда). Ал Біз қиямет-қайымды мойындамағандар үшін жалын шашқан тозақ отын әзірледік.
Сонда оларға: «Бүгін сендер бір-ақ рет өліп, мәңгі-бақи құрып кетуді емес, мың өліп, мың құруды қайта-қайта тілеп, шарқ ұрыңдар. (Сонда біржолата құрып, азаптан құтыла алар ма екенсіңдер көрейік?!)», – делінеді.
(Уа, Мұхаммед!) Оларға: «Ал енді өздерің айтыңдаршы, осындай азап жақсы ма, жоқ, әлде Алланы жан-тәнімен ұлықтап, Оған қарсы келуден сақтанған тақуа жандарға уәде етілген мәңгілік жаннат жақсы ма?» – деп айт. Осынау жаннат олар үшін қисапсыз тосын сый-сияпаттарға кенелетін құтты мекен һәм ақырғы тұрақ болмақ.
Ол мүшріктердің өздерін де, Алладан басқа жоқтан өзгені тәңір тұтып, табынып жүрген (періште, жын және әулие-әнбие сынды) құдайларын да қайта тірілтіп, ғарасат майданына жинайтын күні Алла: «Құлдарымды сендер адастырдыңдар ма, жоқ, әлде тура жолдан тайған өздері ме?» – деп сұрайды.
Сонда олардың сенген құдайлары: «Уа, Раббымыз! Сен мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың, ұлықсың. Сенен өзгені дос тұту бізге лайық емес-ті. Шындығына, келсек, Сен Өзіңнің кеңшілігің, шексіз жомарттығыңмен оларды һәм ата-бабаларын қисапсыз нығметке бөлеп, жарылқадың. Ақырында олар Өзіңді еске алуды мүлдем қойып, Кітабыңды ұмыт қалдырды. Сөйтіп, құрдымға кетуге лайық қауым болды», – деп жауап қатады.
Сонда Алла (мүшріктерге): «Міне, (Алламен біздің арамызда дәнекер болады, қысылған күні бізге араша түседі, – деп сенген құдайларың) өздері жайлы айтқан сөздеріңді өтірікке шығарды. Енді бастарыңа төнген азаптың бетін қайтара да, ешбір жерден жәрдем ала алмайсыңдар», – деп айтады. (Уа, адамдар!) Естеріңде болсын! Араларыңнан кімде-кім (Аллаға серік қосып) ең үлкен зұлымдықты істесе, оған алапат азап(тың ащы дәмін) таттырамыз.
(Уа, Мұхаммед!) Сенен бұрын жіберген елшілеріміз де (өзге адамдар сияқты) ішіп-жейтін және (керек-жарағын алу үшін) базар аралайтын еді. (Уа, адамдар!) Біз сендерді лайықты түрде сабырлылық таныта алар ма екенсіңдер деп бір-біріңмен сынап көрудеміз! Раббың бәрін көруде.
Күпірліктеріне байланысты, Бізге қауышуды қаламайтын, тіпті, ойламайтындар: «Бізге елші ретінде көктен періштелер түссе, қайтер еді, яки Раббымызды өз көзімізбен көрсек болмас па еді?!» – дейді. Расында, олар өздерін сондай зор санап, астамсуда әрі тым шектен шығуда.
(Кәпірлер періштелерді көрмейді емес, көреді) алайда періштелерді өз көздерімен көрген күні күнәға белшесінен батқан ондай күнәһар кәпірлер үшін қуанышты хабар атымен болмайды. Сонда олар періштелерге: «Бізден аулақ жүріңдер, бізден аулақ жүріңдер», – деп айтатын болады.
Қиямет-қайым орнайтын сол бір күні көк жүзі бейне бір ақша бұлттардай сетінейді (ыдырайды) және періштелер лек-легімен түсіріледі (де адамдарды айнала қоршайды).
«Маған жеткен тағылым-насихатқа толы Кітаптан мені алыстатып, адастырған сол», – деп аһ ұрып, бармағын шайнайды. Шүбәсіз, шайтан адамды (азғырып, күнәға белшесінен батырады да) қысылтаяң күн туғанда, (өлмесең өрем қап деп) тастап кете барады.
(Уа, Мұхаммед!) Міне, осылайша Біз (тек саған емес) пайғамбарлардың қайсысына болмасын, күнәһар залымдардың біразын дұшпан қылдық. Ендеше (еңсеңді түсірме), саған (шешім қабылдауда және әр істе) тура жол көрсетуші әрі (дұшпандарыңа қарсы тұруда) қолдаушы ретінде Раббың жетеді.
Күпірліктің шырмауынан шыға алмағандар: «Бұл Құран оған (бірте-бірте келмей) бір бүтін кітап күйінде бірден түссе қайтер еді?» – дейді. Алайда Біз оны жүрегіңе әбден ұялатып, көкейіңе жақсылап қондыру үшін (осылай бірте-бірте түсірудеміз) және байыппен мәнерлеп оқып берудеміз.
Олар саған қиястанып, қандай қисынсыз әңгімемен, орынсыз сұрақ немесе ұсыныспен келсе де, Біз оған жауап ретінде саған ақиқатты білдіріп әрі ең тамаша түсінікті де беріп отырдық.
Соған қарамастан, (күпірліктен танбай ақыр соңында) жаһаннамға етбеттерінен түскен күйде айдалатындар бар ғой, міне, солар, ақырғы барар жерлері сондай жаман әрі ұстанған жолдары мүлдем теріс болғандар.
Сөйтіп, екеуіне: «Аяттарымызды (ап-айқын дәлелдерімізді) жалған санап, мойындамаған әлгі қауымға барыңдар», – деп бұйырдық. Ақыр соңында (күпірлікте қасарысқан) ол қауымның тас-талқанын шығарып, күлін көкке ұшырдық.
Ал Нұхтың қауымына келсек, олар: (Өз пайғамбарларын өтірікшіге шығару арқылы) бүкіл пайғамбарларды өтірікшіге шығарды. Нәтижеде оларды суға батырып, адамдарға ғибрат қылдық. Біз залымдар үшін жан төзгісіз азап әзірледік.
Сондай-ақ Ад, Сәмуд және Рәсс қауымын әрі Нұх қауымы мен бұларға дейін өмір сүрген көптеген нәсілдердің де (Аллаға серік қосып, күпірлікте қасарысқаны үшін көзін жойдық).
Біз олардың әрқайсысына ақиқат пен тура жолды түрлі мысалдармен, тәмсілдермен қайта-қайта ашып түсіндірдік. Ақыр соңында алған беттерінен қайтпағандары үшін бәрінің тас-талқанын шығардық.
(Уа, Мұхаммед!) Бұл мүшріктер төбесінен тас жауған елді мекенге де жолай соққан еді. Сонда олар онда не болғанына назар аудармады ма? Жо-жоқ, олар өлгеннен кейін қайта тірілуді ойламағандықтан (ешбір оқиғадан ғибрат алмайды).
Һәм: «Егер (дінімізге берік болып) табандылық танытпағанымызда бізді құдайларымыздан бездіріп жіберуге сәл-ақ қалған екен-ау», – дейді. Олар мәңгілік азапты өз көзімен көргенде, кімнің жолының мүлдем теріс екенін анық білетін болады.
(Уа, Мұхамммед!) Өз әуейілігін тәңір тұтып, нәпсінің құлы болған мына бейбақты көрдің бе? Сонда оған сен кепіл боласың ба? (Яғни, нәпсіге еріп, күнәға батқаны үшін сен жауап бересің бе?)
Жоқ, әлде ол мүшріктердің көбі шынымен де айтқан сөзді тыңдайды немесе ақылға салып ойланады деп ойлайсың ба? Анығында, олар (өз бетімен жайылған) мал сияқты (нәпсілері қайда тартса, сол жаққа лағып кете береді), тіпті, жолдан одан бетер адасқыш келеді.
Ол Алла сендер үшін түнді жамылғы, ұйқыны тынығу, ал күндізді (бейне бір өлгеннен соң қайта тірілгендей болып) ұйқыдан оянатын әрі жан-жаққа тарап, тіршілік ететін уақыт қылды.
Біз адамдар ғибрат алар ма екен деп, оны (хикметімізге қарай) әр жерге бөлдік (яғни, кей жерлерге кей жылдары көп жаудырсақ, кейбір жерлерге аз жаудырдық). Алайда адамдардың көпшілігінің (бұдан ғибрат алудың орнына) күпірлікте қасарысу-дан басқа бітірген ісі жоқ.
(Уа, Мұхаммед! Алайда Біз сенің күллі әлемге соңғы пайғамбар болуыңды қаладық.) Олай болса, кәпірлерге әсте иілме (олардың сөздеріне, ұсыныстарына көңіл аударма). Оларға қарсы Құранға сүйене отырып, асқан табандылықпен жан-жақты, ауқымды һәм толассыз күрес жүргіз! (Құранды һәм ондағы ақиқаттарды оларға айтып, жеткізуден жалықпа!)
Ол – Алла, бірі шөлдегеннің шөлін қандыратын тұщы, енді бірі тұзды да ащы қос теңізді бір-бірімен тоғыссын деп қоя берді. Алайда араласып кетпеуі үшін араларына өткел бермес бөгет қойды.
Сондай-ақ Ол судан адамды жаратты. Сөйтіп, оны текті әрі біріне-бірін жекжат қылды (һәм сол арқылы қарасын көбейтіп, бір-біріне туыс-тамыр қылды). Раббыңның құдіреті барлық нәрсеге жетеді.
Өкініштісі, кей адамдар Алланы былай қойып, өздеріне пайда да, зиян да келтіре алмайтын әлденелерді тәңір тұтып, соларға құлшылық етіп, жалынып-жалбарынуда. Расында, кәпір (өзін жоқтан жаратқан һәм тіршілік еткізген) Раббысына қарсы кімге болса да болыса кетеді.
(Уа, Мұхаммед!) Біз сені (адамдардың тура жолға түсуіне һәм олардың күнәлары үшін жауапты етіп емес, иман келтіріп, игі істер істегендерді) сүйіншілеп қуантушы әрі (теріс жолдарға түсіп, адасып жүргендерді) ескертуші ретінде ғана жібердік.
Оларға: «Мен осы еңбегім үшін сендерден ақы сұрамаймын. Менің жалғыз тілегім: Раббысына жол табуды қалаған әрбір жанның сол жолды адаспай табуы», – деп айт.
Әсте өлмейтін, мәңгі тірі Аллаға арқа сүйеп, тәуекел ет! Һәм Оны: «Сен – мінсізсің, кемшілік атаулыдан адасың. Бар мадақ пен шексіз шүкіршілік бір Өзіңе ғана тән», – деп мадақтаумен бол! Оның Өз құлдарының күнәларынан хабардар болғаны жетеді.
Ол – көктер мен жерді және екеуінің арасындағы барлық нәрсені алты күнде жаратқан һәм содан кейін Аршқа «истиуа» еткен (яғни, Аршқа шексіз билігін жүргізген, Аршпен бірге күллі жаратылыс атаулыны толық меңгеріп, шексіз үкімін жүргізген) Алла. Ол – (өз қалауы өзінде болған шексіз ілім, шексіз құдірет иесі) Рахман Алла. Міне, сондықтан да не нәрсенің болмасын, ақиқатын бәрінен толық хабардар болғаннан сұра.
Ол мүшріктерге: «Рахманға бағынып, сәжде етіңдер», – делінгенде, олар: «Рахман деген не? Сонда біз сенің сәжде етіңдер дегеніңнің бәріне сен бұйырды екен деп, сәжде ете береміз бе?» – дейді. Бұл үндеу олардың тәкаппарлығын одан сайын арттырып, иманнан одан сайын алшақтата түседі (бездіреді).
Көкте шоқ жұлдыздарды жаратқан, сондай-ақ оған шамшырақ пен нұр шашқан айды орнатқан, шексіз нығмет пен құт-берекенің жалғыз иесі болған Алла қандай ұлы десеңші!
Рахманның хас құлдары жер бетінде сыпайылықтың шегінен аспайтын жандар. Оларға жөн білмес надандар тіл қатқанда, (наданмен надан болмай) оларға: «Аман болыңдар!» – деп, өз жөніне кете барады.
Олар (өздері немесе өзгелер үшін) мал-пұл сарп еткендерінде ысырап та, сараңдық та қылмайды. Осы екеуінің арасында (өздеріне лайықты) бір жолдың бар екенін біледі».
Олар Алламен қатар, басқаны да құдай тұтып жалбарынбайды. Алланың Өзі ардақтаған әрі (жөн-жосықсыз) өлтірілуін харам қылған тірі жанды нақақтан-нақақ өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осы айтылғандардың бірін істесе, ауыр жазаға ұшырайды.
Ал кімде-кім өкініш білдіріп, тәубеге келсе әрі иман келтіріп, (өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, оның жөні бөлек. Алла ондай жандардың жамандықтарын жақсылыққа (күнәларын сауапқа) айналдырады. Алла өте кешірімді, (әсіресе, тәубе етіп, Өзіне біржола бет бұрған құлдарына) ерекше мейірімді.
Кімде-кім істеген күнәларына өкініп, тәубе етсе әрі (өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған) игі істер істесе, шүбәсіз, бұл оның Аллаға шынайы түрде һәм тәубесі қабыл болған күйде бет алғаны.
Олар әсте жалған куәлікке һәм өтірік пен жалған жайлаған жерлерде жүрмейді, (сондай-ақ қандай да бір мәселенің анық-қанығына жетпей жатып, пікір білдіріп, үкім шығармайды). Бос әрі түкке тұрғысыз сөзге немесе әрекеттерге кезіккенде, байсалды қалпынан айнымай өтіп кете барады.
Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Әйелдерімізді және үрім-бұтағымызды (тура жолға салып) көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге имам (жетекші әрі үлгі-өнеге) қылғайсың!» – деп тілейді.
Міне, осынау игі жандар Аллаға құлшылық етіп, хақ жолды ұстауда сабырлылық пен табандылық танытқандары үшін жұмақтағы ең жоғарғы мәртебелермен марапатталады. (Періштелер) амандық-саулық тілеп, оларды ерекше қошеметпен қарсы алады.
Оларға: «Егер дұға-мінәжаттарың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын! (Әй, кәпірлер!) Сендер Оның жолдауын жалған деп жоққа шығардыңдар, ендеше осы күнәларыңның жазасын міндетті түрде һәм мәңгі-бақи тартасыңдар!» – деп айт.
Quran.kz қосымшасы
Құран, кітаптар, аудиокітаптар және хатым телефоныңызда.